Еліміздің мақсат-міндеттерін конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы.
Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.
Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды.
Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас.
Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды», - деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін бүгін Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетіні туралы хабарладық.