Еліміздегі барлық автожолда мобильді байланыс пайда болады

Еліміздегі барлық автожолда мобильді байланыс пайда болады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Еліміздегі автожолдардың бойында тұрақты мобильді интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылым салынады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ туралы осындай келісімге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, мобильді байланыс жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін жол учаскелеріндегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған. Жобаны іске асыру нәтижесінде жол бойында навигацияға интернет пайдаланып, шұғыл қоңырау шалуға, сондай-ақ мемлекеттік және банк сервисін  пайдалануға мүмкіндік пайда болады.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамтамасыз ету жұмысы 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарда 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Келісім аясында компания жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

Жоспарға сәйкес, жоба екі кезеңде жалпы ұзындығы 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын қамтиды. Жол бойындағы тұрақты байланыс жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жедел қызметтердің әрекет ету жылдамдығын жақсартады, сондай-ақ көлік ағынын интеллектуалды басқару жүйелері мен жол жағдайын мониторингтеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында 500-ден астам антенна-мачта мен мобильді байланыс базалық станциясы салынады. «Транстелеком» АҚ салған инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторының пайдалануына мүмкіндік беріледі.
Еске салсақ, Қазақстанда түркі тілдерін тануға арналған ең ірі ЖИ моделі әзірленді.