Елімізде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды
Қазақстанда бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша халық денсаулығының бірқатар негізгі көрсеткіштері жақсарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы өлім 0,8%-ға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 5%-ға, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеді. Жеті айда ана өлімі 17,5%-ға азайды.
«Денсаулық сақтау жүйесі жұмысының басты нәтижесі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оң динамика қабылданып жатқан шаралардың нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Енді осы нәтижені бекітіп, барлық өңірде сапалы медициналық көмектің бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.
Ана мен бала денсаулығының көрсеткіштері жақсаруда
Жеті айдың қорытындысы бойынша ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туған балаға шаққанда 9,7-ден 8,0-ге дейін төмендеді.
Нәресте өлімі 5,93-ті құрады, жоспарлы көрсеткіш – 7,3. Неонаталдық өлім 3,05 болды, жоспар – 4,1.
Екінші жартыжылдықта негізгі назар жүктілік асқынуларының алдын алуға, әйелдер мен балаларды медициналық бақылау сапасына, патронажға және медициналық көмекті уақтылы көрсетуге аударылады.
Профилактика және ерте диагностикамен қамту артып келеді
МСАК ұйымдарына профилактикалық мақсатта келу үлесі 33,7%-ға, жылдық жоспар – 27%-ға жетті.
Онкологиялық скринингтермен қамту 37,6%-дан 42%-ға дейін өсті. Қатерлі ісіктердің ең ерте – 0–I сатыларында анықталу үлесі 34,3%-ды құрады, жоспарлы көрсеткіш – 33,8%.
Сонымен қатар Министрлік ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері төмен болып отырған және пациенттерді медициналық ұйымдардың арасында маршрутизациялау мәселелері бар өңірлердегі жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерін қолдау
Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларындағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 34,9%-ға жетті, жоспар – 32%.
Дәрілік заттардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалау көрсеткіші 77%-ды құрап, 75% көлеміндегі жылдық жоспардан асты. Бұл дәрілік препараттардың жеткізу тізбегінің барлық кезеңіндегі қозғалысын бақылауға және тапшылық қаупіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылдың ішінде медицина қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі 6,7 есеге өсті. Негізгі басымдық – дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін өңірлерде және ауылдық жерлерде тұрақтандыру.
Негізгі міндет – өңірлердің арасындағы алшақтықты қысқарту
Жартыжылдық қорытындысы бойынша 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назар аударуды қажет етеді. Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына аталған көрсеткіштерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
«Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.
Екінші жартыжылдықта Денсаулық сақтау министрлігі қол жеткен нәтижелерді бекітуге және халықтың өмір сүру ұзақтығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға баса назар аудармақ.