Елімізде SHAIQAS 2026 инженерлік чемпионаты өтеді
Қазақстанда ұшқышсыз жүйелер, жерүсті робототехникасы, кибертехнологиялар және тактикалық дайындық салалары бойынша SHAIQAS 2026 чемпионатының өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – Қазақстандағы қос мақсаттағы технологиялар саласындағы ұлттық акселерациялық бағдарламаның операторы Defence Tech Center ұйымдастыратын маңызды іс-шара. Чемпионаттың мақсаты – болашағы зор инженерлік командаларды анықтап, олардың әзірлемелерін өнеркәсіпке енгізуге қолдау көрсету.
Жоба Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның серіктестері – робототехника бағытын дамытатын USTEM Foundation және ұшқышсыз ұшу жүйелері саласындағы бастамаларды іске асыратын Ashyq Aspan Foundation. Инфрақұрылымдық қолдауды халықаралық инновациялық кластер Astana Hub қамтамасыз етеді.

Чемпионатқа 5-тен 15 адамға дейінгі аралас инженерлік командалар қатыса алады. Командалар жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және Қарулы күштер бөлімшелерінің қолдауымен құрылады.
Чемпионат бағдарламасы төрт бағыттан тұрады: «аспан», «жер», «киберқауіпсіздік» және «тактикалық финал».
«Аспан» бағыты бойынша қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты тапсырмаларды орындайды. Олардың қатарында бір жинақтан 5 дюймдік FPV-дрон құрастыру, дрондармен жылдамдық жарысына қатысу және жүк тасымалдау міндеттері бар.
«Жер» бағыты бойынша жерүсті роботтандырылған платформаларды пайдалана отырып, манекендерді эвакуациялау және мина макеттерін орналастыру тапсырмалары орындалады.
«Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша қатысушылар үшін киберполигон жағдайында әртүрлі сценарийлер әзірленеді.
Тактикалық финалда бес инженерден тұратын команда кедергілер жолағында әрекет етеді. Бұл кезеңде қозғалмайтын нысандарға страйкбол қаруымен ату және тактикалық медицина элементтерін орындау қарастырылған.
SHAIQAS 2026 чемпионатының күнтізбесі:
1–15 маусым – командаларды тіркеу (defencetech.kz сайты арқылы);
16–25 маусым – өтінімдерді қарау және инженерлік құжаттама негізінде финалист командаларды іріктеу;
1 шілде – финалистердің соңғы тізімін жариялау;
19–20 шілде – финал алаңындағы міндетті екі күндік сынақ кезеңі: техниканы тексеру және қысқартылған далалық сынақтар;
14–15 тамыз – ұлттық финал.
Бірінші күні киберкезең және 1/8 финал ойындары қатар өтеді. Екінші күні ширек финалдар, жартылай финалдар, финал және марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

Жүлде қоры:
Жалпы жүлде қоры 10 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар: «Әуе жүйелерінің үздік инженерлік кешені»; «Жерүсті жүйелерінің үздік инженерлік кешені»; «Киберқауіпсіздік саласындағы сыйлық» атты арнайы номинациялар тағайындалған. Жүлделі орын алған командалардың ғылыми жетекшілері де арнайы марапаттарға ие болады.
Ақпараттық ресурстар және байланыс:
Ресми сайт: Defence Tech Center ресми сайты
Электрондық пошта: info@defencetech.kz
Defence Tech Center кеңселері:
Астана қаласында – ALEM AI Center
Алматы қаласында – Офицерлер үйі.