Референдум-2026

Елімізде республикалық жазғы сессия аясында педагогтерге арналған воркшоптар өтті

Бүгін, 17:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде республикалық жазғы сессия аясында педагогтерге арналған воркшоптар өтті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

«Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» республикалық жазғы сессиясы аясында еліміздің барлық өңірінен келген 300 жуық педагог практикалық воркшоптарға қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Алғашқы воркшопта қатысушылар 14 пәндік топқа бөлініп, 2026-2027 оқу жылындағы негізгі және жалпы орта білім берудегі өзгерістерді талқылады. Педагогтер жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламаларының ерекшеліктерін, оқу мақсаттарындағы өзгерістерді, оқу процесін жоспарлау мен әдістемелік ұсынымдарды қолдану жолдарын қарастырды.

Екінші воркшоп 16 бағыт бойынша ұйымдастырылды. Оның барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын пән мазмұнына кіріктіру тетіктері, тиімді оқыту тәсілдері, қалыптастырушы бағалау құралдары және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру процесінде пайдалану мәселелері бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.

Пәндік топтармен қатар мектеп директорларының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтерге арналған арнайы алаңдар жұмыс істеді. Олар инклюзивті білім беру, «Адал азамат» бағдарламасының жаңа оқу жылындағы басымдықтары және «Жеке қауіпсіздік» курсы аясындағы нақты кейстерді талқылады.

Воркшоптар педагогтерге оқу бағдарламаларын әзірлеушілермен, тәжірибелі мұғалімдермен және сала сарапшыларымен тікелей пікір алмасып, жаңа оқу жылындағы өзгерістерді мектеп тәжірибесіне енгізудің нақты жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.