Елімізде көпірлерді жобалау мен жөндеуге арналған бірыңғай норматив бекітілді
ВН «Көпір құрылыстары. Көпірдің үйіндімен түйісу аймағы» атты ведомстволық нормативтік құжат қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Құжатты Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірледі. ВН талаптары Қазақстанның барлық климаттық аймағында пайдаланылатын көпірлерді, оның ішінде сейсмикалық қауіптілігі 9 балға дейінгі аудандар мен күрделі инженерлік-геологиялық жағдайы бар учаскелерде, әлсіз, суланған және шөкпелі топырақтар орналасқан аумақтарды қамтиды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, норматив талаптарының практикалық жүзеге асырылуы заманауи цифрлық құралдарды енгізумен қатар жүргізіледі. Көпірлерді тексеруге дрондар мен үш өлшемді модельдеу технологиялары қолданылып, түйісу тораптарының цифрлық модельдері қалыптастырылады. Бұл олардың техникалық жай-күйін неғұрлым дәл бағалауға мүмкіндік береді.
Құжат Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының сайтында жарияланды.