Елімізде Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы өтіп жатыр

Бүгін, 15:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы өтіп жатыр
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Астанада бірегей білім беру және медиа жоба – Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы іске қосылды. Экспедиция 16 мамырға дейін жалғасып, елдің 10 өңірін қамтиды. Олардың қатарында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Ақмола облыстары, сондай-ақ Абай облысы бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Экспедиция – далалық оқыту, салалық талдау және реалити-шоу форматындағы медиаконтент жасауды ұштастырған жоба.

Қатысушылар 6 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтіп, 10 озық фермерлік шаруашылыққа барады. Топ құрамында 40 адам, олардың қатарында фермерлер, сарапшылар, ветеринарлар және медиа команда өкілдері бар.

Экспедиция бағдарламасы мал шаруашылығы экономикасын нақты өндірістік жағдайларда жұмыс істеу және шынайы өндірістік кезеңдерді зерттеу арқылы жан-жақты талдауға бағытталған.

Шаруашылық иелерімен тікелей диалог және менторлармен жеке консультациялар қатысушыларға тек білім алып қана қоймай, өздерінің аграрлық стартаптарын іске қосуға арналған өміршең бизнес-модельдерді әзірлеуге жол ашады.

Экспедиция жетекшісі және «Turan» қауымдастығы басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев бұл жобаның Қазақстандағы мал шаруашылығының нақты жағдайын көрсетуге, «даладағы» бизнес-модельдерді тікелей талдау арқылы даму бағыттарын анықтауға арналғанын атап өтті.

16 күндік марафон қорытындысы бойынша ет мал шаруашылығының жай-күйі туралы талдамалық есеп дайындалады, ал қатысушылар өздерінің агро жобаларын іске қосуға арналған дайын экономикалық модельдерді қалыптастырады.