Елімізде 20,9 млн гектар егіс алқабы себілді
Өңірлерде көктемгі дала жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 20,9 млн гектар алқапқа егілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, дәнді дақылдар 15 млн гектар алқапқа, майлы дақылдар 4,2 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 1,2 млн гектарға орналастырылды. Сонымен қатар, мақта 164,3 мың гектарға, картоп 128,4 мың гектарға, көкөніс дақылдары 122,1 мың гектарға, бақша дақылдары 83,9 мың гектарға, қант қызылшасы 22 мың гектарға егілді.
Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысында 5,3 млн гектар, Қостанай облысында 5 млн гектар, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 млн гектар алқапқа егін егілді.
Егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.