Ел азаматтары үшін дәрі-дәрмек қолжетімді бола түсті
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік препараттардың бағасын реттеудің жаңа тетігін енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қымзетіне сілтеме жасап.
Бұл шаралар халыққа түсетін қаржылық жүктемені азайту және дәрі-дәрмекке негізсіз үстемеақылардың алдын алу мақсатында қолға алынған.
Нәтижесінде бөлшек саудада сатылатын шамамен 5 мыңға жуық дәрінің бағасы қайта қаралды. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, инфекциялық және өзге де кең таралған ауруларды емдеуге арналған препараттар бар. Бұл өзгерістер қазақстандықтар үшін күнделікті қажетті дәрілердің қолжетімділігін арттырды.
«Қазіргі уақытта 4 994 сауда атауына шекті бағалар белгіленген, ал фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды белгіленген шекті деңгейден аспайтын бағамен сатуға міндетті», делінеді хабарламада.
Сонымен қатар, 1 707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарық заңдылықтарына сәйкес сатылуда.
Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша, 2026 жылдың наурыз айында 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 631 атау бойынша бағалар орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Атап айтқанда, бірқатар дәрілік препараттардың бағасы айтарлықтай арзандаған.
– Пренесса®️, 8 мг №30, таблеткалар — 18,3%-ға;
– Сиалис®️, 20 мг №1, таблеткалар — 16,5%-ға;
– Тамифлю®️, 75 мг №10, капсулалар — 14,5%-ға;
– Периндоприл-Тева, 5 мг №10, таблеткалар — 24,3%-ға;
– Энтекавир Вива Фарм, 0,5 мг №30, таблеткалар — 20,0%-ға төмендеді.
Комитет барлық өңірде баға саясатына тұрақты бақылау жүргізуде. Белгіленген шекті бағадан асқан жағдайда, заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Азаматтар дәрі бағасына қатысты заңбұзушылықтарды DariKZ мобильді қосымшасы арқылы немесе уәкілетті органдарға хабарлай алады.
Еске салайық, елімізде 80 орталық медициналық оңалту көмегін ұсынады.