Референдум-2026

Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын AI-инфрақұрылым дамып келеді

Бүгін, 12:07
Думан Аманжол Думан Аманжол
Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын AI-инфрақұрылым дамып келеді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Арменияның Раздан қаласында Firebird компаниясының AI-кампусының бірінші кезеңінің ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға сондай-ақ Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, бейнебайланыс арқылы қатысушыларға сөз сөйлеген NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг, NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян, АҚШ Үкіметінің, халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері, инвесторлар және салалық сарапшылар қатысты.

Firebird компаниясының жаңа нысаны өңірдегі NVIDIA DSX архитектурасы негізінде жұмыс істейтін ең ірі AI-фабрикаға айналды. Компания 2027 жылдың соңына қарай Армениядағы инфрақұрылымын NVIDIA Rubin және Blackwell GPU-ларының 70 мыңнан астамына дейін және есептеу қуатын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Қазақстан компанияның екінші нарығына айналды. Қазіргі уақытта Firebird Екібастұзда жобаның операторы – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, қуаты 125 МВт болатын Data Center Valley жобасын дамытып жатыр.

Жоба Қазақстан Үкіметінің қажетті келісімдерін, сондай-ақ АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросынан (BIS) тиісті технологияларды жеткізуге қажетті экспорттық рұқсат алды.

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг өз сөзінде Қазақстанды жеке атап өтті. 

«Firebird компаниясымен бірлесіп, Армения мен Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін зерттеушілерге, стартаптар мен индустрияға қажетті есептеу базасын ұсынатын, елдердің ішінде жасанды интеллект әзірлеуге, халықаралық инноваторларды тартуға және жаһандық AI-экономикаға қатысуға мүмкіндік беретін AI-инфрақұрылым құрып жатырмыз», - деді ол.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай жобаларды дамыту Қазақстанның жасанды интеллектінің өзіндік инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз өзіміздің AI-инфрақұрылымымызды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Қазақстанда ірі есептеу қуаттарын орналастыруға қажетті энергетикалық база, аумақ және дамыған цифрлық экожүйе бар. Біздің міндетіміз – жаһандық технологиялық серіктестерді тартумен қатар, ел ішінде жасанды интеллектіні, зерттеулерді, стартаптарды және жаңа цифрлық сервистерді дамыту үшін толыққанды орта қалыптастыру», – деді Жаслан Мәдиев.

«Екібастұздағы Data Center Valley — Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ЖИ инфрақұрылымын құруға қабілетті екенін дәлелдейтін жоба. Мұндай жобалар Қазақстанның өңірлік есептеу қуаттарының орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, отандық экономикаға жаһандық ЖИ индустриясына тікелей шығуға мүмкіндік береді», — деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Мұндай экожүйені қалыптастыру тек дата-орталықтар салуды және есептеу қуаттарын дамытуды ғана қамтымайды. Қазақстан халықаралық цифрлық байланыстылықты да қатар күшейтіп келеді. Атап айтқанда, Еуропа бағытына жоғары жылдамдықты деректерді беру жаңа маршрутын қалыптастыратын және ірі дата-орталықтар мен AI-жобалар үшін маңызды инфрақұрылымдық негіз болатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыру жобасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар Қазақстанда халықаралық компаниялардың деректері мен цифрлық инфрақұрылымын қауіпсіз орналастыру үшін жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ жаһандық технологиялық бизнес үшін реттеуші орта жетілдірілуде.

Firebird халықаралық нарықтардағы экспансиясын жалғастыруды жоспарлап отыр. Компания 2028 жылдың соңына қарай Армения, Қазақстан және басқа да нарықтардағы жаһандық AI-инфрақұрылымының жиынтық қуатын 2 ГВт-қа дейін жеткізуді көздейді.

Сондай-ақ Firebird NVIDIA компаниясының компанияға инвестиция салуға ниетті екенін хабарлады. Бұған дейін Firebird компаниясының инвесторларының бірі CoreWeave болған. Компанияның мәліметінше, тартылған инвестициялар жаһандық AI-инфрақұрылымды жедел дамытуға бағытталады. Осылайша, Қазақстан жоғары өнімді есептеу қуаттарының қалыптасып келе жатқан халықаралық желісінің бір бөлігіне айналып, AI-инфрақұрылымды дамытуға арналған өңірлік алаң ретіндегі өз позициясын нығайтып келеді.

Айта кетейік, Firebird Inc. – AI бұлтты шешімдері мен инфрақұрылымы саласында жұмыс істейтін, халықаралық нарықтарда масштабталатын GPU-инфрақұрылымды дамытатын америкалық компания.