Екі мыңға жуық қазақстандық қызылшамен ауырған - ДСМ

Екі мыңға жуық қазақстандық қызылшамен ауырған - ДСМ
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәлімдеуінше, барлық қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара қолға алынған. Алайда жағдайды толық тұрақтандыруға әлі қол жеткізілген жоқ. 
Министрліктің мәліметі бойынша былтыр жыл соңынан бастап елде қызылшамен ауырғандардың қатары өскен. Талдау көрсеткендей пациенттердің көпшілігі вакцина алмаған. 

«Пациенттердің 79%-ы вакцинацияланбаған, тағы 8,4%-ы толық емес иммундау курсын алған, 10%-ның иммундық мәртебесі белгісіз. Вакцинацияланбаған балалардың 59%-ы ата-анасының шешімі бойынша вакцина алмағаны ерекше алаңдаушылық тудырады. Жыл басынан бері республикада 1 951 адам қызылшамен ауырған. Ең көп тіркелген өңір: Астана  - 581 жағдай, Жамбыл облысы - 339, Алматы қаласы - 317 және Алматы облысы – 146», делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жиынға әкімдердің орынбасарлары, облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларының және аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері басшылары қатысты.

Еске сала кетсек, Нипах вирусына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шекара пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.