Екатерина Смолякова: Бұл – балаларымыз өсіп-өркендейтін берік негіз

Екатерина Смолякова: Бұл – балаларымыз өсіп-өркендейтін берік негіз
Фото: Respublica партиясы

Мен үшін бұл құжат – балаларымыз өсіп, ертеңін айқындайтын берік негіз. Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Астанада өткен партия активінің кеңейтілген отырысында Конституция жобасына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саяси кеңес мүшелері, депутаттар, әйелдер мен жастар қанатының белсенділері жиналған жиында ол Конституция жобасын әр азаматтың жеке таңдауы мен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігі тоғысқан тағдырлы құжат ретінде бағалады.

«Ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан құндылықтардың онда нақты қорғалғанын көргенде, жүректе терең жауапкершілік сезімі оянады», – деді халық қалаулысы.

Депутат өз сөзінде отбасы институтының Конституцияда айқын әрі нық бекітілуіне айрықша тоқталды.

«Отбасының ер мен әйелдің одағы ретінде танылуы – елдік мүдденің өзегі. Ұлттың болашағы, ең алдымен, отбасында бойға сіңген тәрбие мен құндылықтарға байланысты», – деп атап өтті ол.

Бұл норма қоғамның өмірден туған нақты сұранысын көрсететінін де қоса айтты.

«Қазақстанның шынайы байлығы – ата-бабадан қалған жері, рухани мұрасы және берекелі отбасы. Жаңа Конституция осы қастерлі қазынаны ең жоғары деңгейде қорғауға тиіс», – деп түйіндеді Екатерина Смолякова, ана ретіндегі жүрек сөзі мен халық қалаулысы ретіндегі азаматтық ұстанымын бір арнаға тоғыстыра отырып.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.