ДСМ: Соңғы аптада қызылшаның тіркелуі 25 пайызға азайды
Елдегі қызылшаға қатысты ахуалға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін кеңейтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жағдай тұрақталғанға дейін 6-10 айлық балаларды қосымша иммундау енгізілді, бұрын егілмеген 2-5 және 7-18 жастағы балаларды, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін толықтырып вакцинациялау ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған ұжымдар мен әскери бөлімдерде вакцинацияланбаған адамдарды уақытша шеттетілді. Сондай-ақ жоспарлы емдеуге жатқызуға және эпидемияға қарсы режимге қойылатын талаптар күшейтілді», делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, қабылданған шара оң нәтиже көрсетіп отыр. Алдыңғы аптадағы 417 жағдаймен салыстырғанда қызылшаның тіркелуі 311-ге дейін төмендеді, бұл -25,4%-ға аз. Алайда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға әлі қол жеткізілген жоқ.
Ең көп ауру саны Астана қаласында - 81, Алматы қаласында - 48, Атырау, Алматы, Қостанай облыстарында - 57, Батыс Қазақстан облысында - 29 ауырған адам тіркелді. Пациенттердің басым бөлігі екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар.
Еске сала кетсек, Астанада қызылшаға қарсы вакцинация күшейтілді.