Астанада қызылшаға қарсы вакцинация күшейтілді

Бүгін, 19:50
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада қызылшаға қарсы вакцинация күшейтілді
Фото: Сұлтан Сейітов

Астанада жыл басынан бері қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. 2026 жылдың 19 ақпанына дейін 1470 бастапқы жағдай тіркеліп, оның 997-сі зертханалық жолмен расталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сырқат көрсеткіші өткен жылдың жылдық деңгейімен салыстырғанда әлде қайда жоғары.

Мамандардың мәліметінше, сырқатынан сауыққандардың 83 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ең осал топ – 1–4 жас аралығындағы балалар. Сонымен қатар сырқаттанғандардың басым бөлігі екпе алмағандар, яғни тіркелген жағдайлардың 84 пайызы вакцинациядан өтпеген балаларға тиесілі. Оның ішінде ата-анасының бас тартуына байланысты егілмегендер де бар.

Денсаулық сақтау мамандары қызылшаның өте жұқпалы әрі асқынуға әкелуі мүмкін қауіпті инфекция екенін үнемі ескертіп келеді. Ауру пневмонияға, ми қабынуына және басқа да ауыр салдарға соқтыруы мүмкін. Қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген жолы – вакцинация.

Қазіргі таңда қалада екпе алмаған балаларды қосымша иммундау жұмыстары жалғасуда. Инфекция жұқтырғандармен байланыста болған азаматтарға 72 сағат ішінде шұғыл вакцинация жүргізілуде.

Мамандар ата-аналарды әлеуметтік желілердегі расталмаған ақпарат пен қауесетке сенбеуге шақырады. Вакцинация туралы шешім қабылдағанда ғылыми деректерге және медицина қызметкерлерінің кәсіби кеңесіне сүйену аса маңызды.

Балалардың денсаулығын қорғау – ортақ жауапкершілік. Уақтылы салынған екпе ғана қауіпті инфекциялардың таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл әрбір ата-ана білуге тиісті қарапайым қағида.