ДСМ: Республикалық орфандық орталықтың орналасқан орны өзгерді
Республикалық орфандық орталық жабылмаған, оның жұмысы жалғасуда. Тек дислокация өзгертілді. Денсаулық сақтау министрлігі осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, республикалық орфандық орталықтың орнын өзгерту үшін жан-жақты және кезең-кезеңмен дайындық жұмысы жүргізілген.
«Барлық шешім медициналық, ұйымдастырушылық және логистикалық аспектілерді ескере отырып, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің қатысуымен ведомствоаралық және үкіметтік деңгейлерде қабылданды. Бұл ретте орфандық аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсету жүйесі толық көлемде сақталады. Пациенттерді үйлестіру, дәрілік терапияны тағайындау, емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігін мониторингілеу, сондай-ақ жергілікті жерлерде медициналық ұйымдармен өзара іс-қимыл штаттық режимде және үзіліссіз жалғасады», делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Министрліктің атап өтуінше, Республикалық орфандық үйлестіру орталығы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жұмысын жалғастырады. Орталықтың орналасу орны ғана өзгертіледі, бұл сирек аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына әсер етпейді.
Еске салсақ, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жаңа стандарттар енгізіледі.