Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін кейбір ұйымдар үшін жаңа стандарттар енгізіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер мен күндізгі күтім бөлімшелері үшін жаңа стандарттарды әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Ведомство басшысының тиісті бұйрық жобасы 2 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылды.
«Жеке, дербес стандарттарды қолдану арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуді оңтайландыруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда ұйымдардың нақты бір түрінің жұмысына нысаналы өзгерістер енгізу арқылы олардың қызмет тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған жаңашылдықтарды іске асыру өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау нысандарын кеңейтуге және барынша инклюзивті әрі қолжетімді әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған», делінген хабарламада.
Еске салсақ, Қызылордада әлеуметтік саланы дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.