Досхан Сәкен: Құжаттағы преамбула еліміздің тарихи және саяси өмір сүру философиясын көрсетеді
Жаңа редакциясының преамбуласы еліміздің тарихи және саяси өмір сүру философиясын көрсетеді. Ұлытау облысының мәслихат депутаты, Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы Досхан Сәкен осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Досхан Сәкен пікірінше, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай мінберінен айтылған ұсыныстар, саяси реформаларды жүзеге асыру үшін мемлекетіміздің басты құжаты Конституцияға өзгерістердің қажеттілігі туындаған.
«Отанымыздың бір бөлшегі ретінде қолданыстағы Конституциясымен салыстыра отырып, Конституцияның жаңа жобасымен таныстым. Ең алдымен жаңа редакциясының преамбуласы еліміздің тарихи және саяси өмір сүру философиясын көрсетеді. Яғни, мыңжылдық тарихы бар Ұлы даланы мекендеген халық және оның мұрагері ретінде әділеттілік, заң мен тәртіпті басты қағидатты ұстанатын бірлігі мен ынтымағы жарасқан халық екенімізді тайға таңба басқандай етіп шегеледік», - деді ол.
Досхан Сәкен пайымдауынша, еліміздің саяси құрылымында бар Парламент пен өзге институциясының өзгеруіне байланысты Конституцияның біршама бөлігі редакциялауға түспек.
«Мәдениет саласының өкілі ретінде мәдени мұрамызды қорғау міндеті, сақтау және оны насихаттау, зияткерлік меншік құқықтары қорғалу туралы өзгерістерді қуана қолдаймын. Бұл дегеніміз отанымыздың мәдениеті – басты құндылық. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасында Халық кеңесінің енгізілуі, бір палаталы Парламент жүйесі, вице‑президент институтының құрылуы сияқты нақты өзгерістер қарастырылған. Бір палаталы парламент жүйесі 50‑ден астам елде (Норвегия, Израиль, Финляндия, Швеция) тиімді қызмет етеді, Халық кеңесінің моделі Франция мен Германияда бар, ал вице‑президент институты АҚШ пен Түркияда жақсы жұмыс істейді», - деді спикер.
Досхан Сәкеннің пікірінше, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, негізгі заңға түзетулер енгізу - дамыған мемлекеттердің қалыпты тәжірибесі. Мысалы, АҚШ Конституциясы 239 жылда 27 рет, Германияның негізгі заңы бірнеше рет, Франция мен Италия Конституциясы бірнеше рет қайта қаралған. Оның айтуынша, Қазақстандағы өзгерістер де ел дамуының жаңа жолына бағдар болып табылады.
«Президенттің өкілеттіліктері айқындалып, билік тармақтары арасындағы функциялар бөлінісі нақты белгіленген. Конституциядағы адам құқықтары, бостандықтары, білім алу және денсаулық сақтау сияқты негізгі әлеуметтік құқықтар күшейтілген. Еліміздің өркендеу жолында, халықтың әл-ауқатын арттыру және құқықтарын қорғауда мемлекеттің басты құжаты нақты, әрі айқын болуы шарт. Конституцияның әр бапы халқымыздың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан да бұл өзгеріс мемлекетіміздің даму жолындағы адастырмас тура жол болатынына сенемін», - деді ол.
Еске салсақ, «Қазақстан заңгерлер одағы» Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысын қолдады.