Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті - Президент

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті - Президент
Фото: Pixabay.com

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Жапондық инновациялар сапа, сенімділік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал. 

Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. 

Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты. 

Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз. 

Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады. 

Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз. 

Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз», - деді Президент. 

Еске салайық, бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия - Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйлегені туралы хабарладық.