Цифрлық кодекс: Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі екінші ел атанып отыр
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Цифрлық кодекстің негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz ЖИЦДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі екінші ел атанып отыр.
«Бұл еліміздің халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды», - делінген хабарламада.
Спикерлердің сөзінше, Цифрлық кодекс салалық заңнамалардағы шашыраңқы ережелерді біріктіріп, құқықтық қайшылықтарды жойды және цифрлық салада бірыңғай жұмыс қағидаларын енгізді.

Цифрлық мемлекеттік басқару жүйесі қайта қаралып, жаңартылды. Адамның цифрлық құқықтарын бекіту – кодекстің негізгі элементтерінің бірі. Енді азаматтар дербес деректерін жою, жасыру, цифрлық сәйкестендіруді қорғауға құқылы және деректерін өңдеуге қарсылық білдіре алады. Биометриялық аутентификация ҚР заңдарында көзделген жағдайларда ғана қолданылады.
Эталондық цифрлық деректерді қамтитын ұлттық регистр қалыптастырылды. Енді мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызмет көрсету кезінде (ұлттық регистрде бар болған жағдайда) қажетті цифрлық деректерді тікелей осы регистрден алуға міндетті.
«Қазақстанда алғаш рет цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы енгізіледі. Бұл – цифрлық дерек өнімдеріне белгіленген ережелер арқылы қолжетімділікті, сондай-ақ оларды пайдалану мен алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Платформаның жұмысы хабарламалық тәртіпте жүргізіледі және деректер айналымын «көлеңкеден» шығаруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
«Цифрлық үкімет» архитектурасы мемлекеттік қызметтердің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлер цифрлық деректер мен жасанды интеллект негізінде басқарылмақ. Бұл тәсіл өңірлердің дамуын, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды.
Кодексте цифрлық нысандардың өмірлік циклі бекітілген. Ол жоспарлау, әзірлеу, тәжірибелік пайдалану, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, дамыту, пайдалануды тоқтату, модификациялау, архивтеу және есептен шығару кезеңдерін қамтиды.
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру қарқынын жеделдету мақсатында «цифрлық үкіметтің» цифрлық нысандарын құру мен дамытудағы ұзақ уақыт алатын рәсімдер алынып тасталмақ. Енді бюджет рәсімдері тек технологиялық тұрғыда күрделі цифрлық объектілерге ғана қолданылмақ.
Технологиялық тұрғыда күрделі цифрлық нысандар ерекше архитектуралық және технологиялық сипаттамаларға ие. Осыған байланысты оларды жобалау, әзірлеу, жаңғырту, енгізу және пайдалану үшін арнайы талаптар белгіленбек.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін елімізде алғаш рет адамдардың цифрлық құқықтары заңнамалық тұрғыда бекітілгенін жазғанбыз.