Былтыр жол-көлік оқиғалары салдарынан 285 бала қаза тапты
Жыл сайын жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына қарамастан, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz ОКҚ-не сілтеме жасап.
Оның айтуынша, өткен жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 285 бала қаза тапты.
«Зардап шеккен кәмелетке толмағандардың жартысынан астамы көлік құралдарының жолаушылары болған. Қалғандары – жаяу жүргіншілер, оның ішінде велосипедшілер, самокат пайдаланушылар және мопед жүргізушілері. Көп жағдайда зардап шеккен балалар ересектер тарапынан тасымалдау қағидаларының бұзылуымен, яғни арнайы балалар құрылғыларынсыз немесе қауіпсіздік белдігін тақпай тасымалданған», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Ведомство өкілінің сөзінше, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Алайда жол-көлік оқиғаларының себептері ретінде кәмелетке толмағандардың белгіленбеген жерден немесе тыйым салынған бағдаршам белгісінде жолды кесіп өтуі жиі тіркеледі. Қараңғы уақытта жүргізушілерге жаяу жүргіншілерді байқау қиынырақ, әсіресе киімінде жарық шағылыстыратын элементтер болмаған жағдайда.
«Балалардың қауіпсіздігі туралы неғұрлым көп ақпарат берілсе, соғұрлым біз оларды қорғай аламыз. Қалай әрекет ету керек, кімге сенуге болады, қиын жағдайда кімнен көмек сұрау қажет – осының бәрін түсіндіру баланың игілігіне қызмет етеді. Тек бірлесіп әрекет ету арқылы ғана балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз», - деді Комитет төрағасының орынбасары.
Бұған дейін жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендегенін жаздық.