Былтыр қанша адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
2025 жылы 54,4 мың отбасындағы 292,7 мың адамға 33,4 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылы АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 91,1 мың балаға 4,1 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курсына жіберу және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Айта кетейік, АӘК тағайындауға өтінішті қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
Бұған дейін 2025 жылы жұмысынан айырылған 354 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алғанын жаздық.