Былтыр 17 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2025 жылы 16 805 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ оралды.
Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытайдан, 4% – Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан, 2,5% – Ресейден және 1,9% – басқа елдерден.
Қоныс аударушылар 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 34%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші және зейнеткерлер 8,6%.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы келесі өңірлер белгіленді: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2025 жылы бекітілген квотаға сәйкес қоныстандыру өңірлерінде 2 309 қандас орналастырылды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия қарастырылған. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 275,2 мың теңгеден беріледі. Үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) беріледі.
1 834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 428 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу және салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын 586 отбасы алды.
Еске сала кетсек, Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.