БҚО-да үш жасөспірім суға батып кетті
Кеше кешке Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы маңындағы Кіші өзенде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
112 кезекшісіне аудандық полиция бөлімінен 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірімнің арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға арналмаған жерде суға батып кеткені туралы хабар келіп түскен. Аталған аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгісі орнатылған.
Оқиға орнына төтеншеліктер келгенше қаза болғандардың денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алды.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті пабликтердің хабарлауынша, үш жасөспірім биылғы мектеп түлектері болған.
ТЖМ арнайы жабдықталмаған және шомылуға арналмаған жерде суға түсу адам өміріне қауіп төндіретінін ескерттеді. Су айдындарында тек ресми түрде рұқсат етілген орынды таңдап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет және балаларды қараусыз қалдырмаған жөн.