Бір палаталы Парламент заң сапасына оң әсер етеді - депутат

Бүгін, 16:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бір палаталы Парламент заң сапасына оң әсер етеді - депутат
Фото: видеодан скриншот

Бір палаталы Парламентке көшу депутаттардың жауапкершілігін арттырады. Өйткені, қайта қарастыратын бұрынғыдай екі палата болмайды және заң шығару барысында кімнің қалай дауыс бергені көрініп тұрады. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Болашақ Құрылтай – Қазақстандағы заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы мемлекеттік орган. Құрылтайда заң жобасы талқыланады, үш оқылымда қабылдануы мүмкін. Заң сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Керісінше, заңның бір жерден қабылдануы уақытын жылдамдатады және депутаттардың жауапкершілігін арттырады. Заңның сапасын да жақсартады, - деді ол.

Сондай-ақ ол Құрылтайда 145 депутаттың болуы Қазақстанға нағыз сай келетін норма екенін айтты.

«Елімізде 17 облыс, 4 қала бар. Әлемде аумақ бойынша Қазақстан тоғызыншы орында, жері үлкен. Ал депутаттар әр қалаға, әр ауданға, шекарадағы шалғай ауылдарға барып, халықпен жұмыс істеуі керек. Сол себепті, депутаттардың саны 145 деп белгіленіп отыр. Басты мақсат – шығарылатын заңдардың сапалы болуы және халықтың мәселелерін шешу», - деді Н. Сабильянов.

Сонымен бірге ол Құрылтай депутаттарының пропорционалдық жүйе арқылы сайланатынын жеткізді.

«Саяси партиялар өз кандидаттарын тізімге енгізіп, сайлауға қатысады. Халық қай партияға дауыс берсе, сол партияның кандидаттары депутат болады. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтеді, халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сол арқылы саяси партиялардың бәсекесі қалыптасады. Бұл – бұрын тәжірибеде болған жүйе. Сондықтан нәтижелі жұмыс істейтіні анық», - деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, бұған дейін «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталғаны туралы хабарладық.