Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы, U19 ерлер құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев жастар арасындағы әлем чемпионатының алдында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жауапкершіліктен қашып, реформа жасаудан қорқып, бұрыннан танылған, нәтижесі бар, әбден сыналған боксшыларды ғана құрамға ала берсем, маған біреу сын айта ма? Ал жаңа есімдер жеңіліп жатса, бәріңіз жабылып мені сынайтыныңыз анық!
Десе де, мен әр жарысқа әртүрлі боксшыны апарып, олардың мүмкіндігін сынауға, тәжірибе жинауына жағдай жасауға дайынмын. Өйткені мен жастармен жұмыс істеп жатырмын. Бұлар бүгінгі командамыз ғана емес, ертеңгі Ұлттық құраманың резерві. Менің мақсатым да, алдыма қойылған міндет те мықты резерв қалыптастыру.
Ертең олардың ішінен кімге мүмкіндік берсек те, «Қазақстанның атынан шығуға дайын» деп сеніммен айта алатындай болуымыз керек.
Менің арманым - Ұлттық құраманың әр салмағында таңдау жасауға қиналатындай деңгейге жету. Әр салмақтағы бірінші, екінші, тіпті бесінші нөмірдегі боксшылардың өзі әлемдік деңгейде жұдырықтаса алатын болсын. Сонда ғана нағыз бәсеке қалыптасады, боксшыларымыз босаңсымайды.
Естеріңізде ме, мен Ұлттық құраманың боксшысы болған кездегі құрам қандай еді? Бәсекелестік өте жоғары болды! Бір салмақта бірнеше мықты боксшы өнер көрсеттік. Біріміз ерте, біріміз кеш дегенімізге жетіп, біріміз әлемді, екіншіміз Азияны, енді біріміз Олимпиада биігін кезек-кезек бағындырдық.
Әрине, әр эксперименттің өз тәуекелі бар. Бірақ болашағын ойлаған бапкер тәуекелден қашпауы керек. Өйткені тек бүгінгі нәтижені ойласақ, ертеңгі чемпиондарды байқамай өткізіп алуымыз мүмкін.
Менің мақсатым - бүгінгі алтын медальдарды ғана санау емес, ертең Қазақстанның намысын қорғайтын чемпиондардың тұтас бір буынын қалыптастыру.
Бізге әр салмақта бірнеше мықты боксшы керек.
Мен жастарға сенемін. Оларға мүмкіндік беремін. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану - өз қолдарында.
Бұл жолы әлем чемпионатына баратын құрамға жартысына жуық жаңа есім қостым. Мүмкін, келесі жарыста құрамның қалған бөлігі де өзгерер. Оны уақыт көрсетеді. Ұлттық құрамада ешкімге жай ғана уақыт өткізуге мүмкіндік бермейміз. Әр боксшы құрамдағы өз орнын үнемі дәлелдеп, қорғап отыруы керек.
Ең бастысы - біз бүгін болашақ үшін жұмыс істеуіміз керек!», - деді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетейік, U19 әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді. World Boxing ұйымы ұйымдастыратын жаһандық додаға 80-ге жуық елден 550 боксшы қатысады.
Еске салсақ, Қазақстандық семсерлесушілер Алжирдегі әлем кубогы кезеңінде бақ сынайды.