Байқоңырда заңсыз төленген 2,6 млн теңге АӘК бюджетке қайтарылады
Байқоңыр қаласында азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бұл туралы Байқоңыр қаласының прокуратурасы заңнама талаптарының сақталуына жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болды.
Атап айтқанда, табысын жасыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек заңсыз тағайындалған 6 адамға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 2,6 млн теңге артық төленген.
«Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, 2 азаматтан мемлекеттік бюджетке 553 233 теңге өндірілді. Қалған тұлғаларға қатысты артық төленген қаражатты өндіру мәселесі сот тәртібімен қаралуда», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ прокуратурада мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларының заңды әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін хабарлады.
Еске салсақ, Алматы облысында 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеген 17 адам сотталды.