Атырау қаласы Полиция басқармасының бастығы қамауға алынды
Атырау қаласы Полиция басқармасының бастығы қызметінен босатылып, қамауға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жоспарлы қызметтік тексеру барысында Атырау қаласы Полиция басқармасының бастығы тарапынан құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты фактілер анықталды.
Белгіленген тәртіппен ол ішкі істер органдарынан теріс негіздер бойынша қызметінен босатылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. Шешімдер Ішкі істер министрі жүргізіп отырған принципті саясат аясында қабылданды. Қызметтік тәртіп пен заң талаптарын бұзған тұлға атқарған лауазымына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды», – деді Ішкі істер министрлігінен.
Еске сала кетсек, 13 сәуірде Атырау облысы полиция департаментінде бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілгенін хабарладық.