Атырау полициясында кадрлық өзгерістер: бірқатар басшы қызметінен шеттетілді
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Атырау облысы полиция департаментінде кадрлық өзгерістер орын алып жатқаны туралы мәліметтер тарады , деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аталған жағдайдың мән-жайын нақтылау үшін қойған сұрақтарымызға Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.
Белгілі болғандай, Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілген.
«Қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуы, тиісті бақылау мен жұмыс ұйымдастырудың жеткіліксіздігі анықталуына байланысты, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ, Атырау облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары атқарып отырған лауазымдарынан шеттетілді», – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар, ІІМ баспасөз қызметі заңдылық пен қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар, соның ішінде ішкі құрамда да, тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Алматыда Әл Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан резонансты жол апатынан кейін қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.