Астаналықтардың салықтық берешегі – 103 млрд теңге: МКД

Астаналықтардың салықтық берешегі – 103 млрд теңге: МКД
фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылғы 5 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Астана қаласындағы жалпы салықтық берешек 103 млрд теңгені, оның ішінде 58 млрд теңге негізгі қарызды құрайды. Жыл басынан бері салық органдары 10 млрд теңгеден астам соманы өндірген. Мемлекеттік кірістер департаментінің қарыздық жұмыс басқармасының басшысы Аймахан  Енбаев енгізіліп жатқан заңнамалық өзгерістер жүйені барынша әділ, сараланған және адал бизнеске қолайлы етуге бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

  • 20 АЕК-тен аспайтын (86 500 теңгеге дейін) берешек кезінде тек ең төменгі шаралар қолданылады:
    – өсімпұл есептеу;
    – салық төлеушіге хабархат жолдау.
    Банктік шоттарға шектеу қойылмайды.
  • 20-45 АЕК (86 500 - 194 625 теңге) аралығындағы берешек кезінде:
    – салық органы хабарлама жібереді;
    – хабарлама орындалмаған жағдайда банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады;
    – борышты өтеу үшін инкассалық өкімдер қойылуы мүмкін.
  • 45 АЕК-тен жоғары берешек кезінде:
    – мүлік сауда-саттыққа шығаруға дайындық аясында сипатталады;
    – салық төлеушінің дебиторлары арқылы берешекті өндіріп алу жұмыстары жүргізіледі.

Бұл тетік салық міндеттемелерінің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етіп, адал кәсіпкерлікке шамадан тыс қысымды болдырмайды.

2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке қатысты банктік шоттар операцияларын тоқтату тәртібі де өзгереді.Егер қарыз көлемі 6 АЕК-тен (25 950 теңгеден) асса, хабарлама тапсырылған күннен кейін 10 жұмыс күні өткен соң шығыс операциялары тоқтатылады. Бұл ретте шектеу тек берешек сомасы шегінде ғана қолданылып, кәсіпорынның толық жұмысын бөгемейді.

Ірі борышкерлерге қатысты қосымша шаралар енгізіледі:
Егер 27 000 АЕК-тен (116 млн теңгеден) асатын қарыз үш ай бойы өтелмесе, сот салық төлеушінің елден шығуын шектеуі мүмкін. Алдымен салық органдары міндетті түрде хабарлама жіберіп, борышты ерікті түрде өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, салықтар бойынша мерзімін ұзарту және бөліп төлеу мүмкіндіктері кеңейтіледі.

  • Белгіленген критерийлерге сәйкес келетін компаниялар кепілсіз кейінге қалдыруды ресімдей алады.
  • Уақытша қаржылық қиындықтары бар салық төлеушілерге 1500 АЕК-ке дейінгі (6 487 500 теңге) берешекті бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.
  • Импорттаушылар өндірісте пайдаланылатын шикізат пен материалдар бойынша ҚҚС-ты кейінге қалдыру құқығына ие болады.

Бұл өзгерістер бизнеске қолдау көрсетуді, оның қаржылық тұрақтылығын сақтауды және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді.