Астаналық танымал жұлдыздар жаңа Конституцияны қалай қолдады
Елордада өнер иелері 15 наурызда өтетін референдумға жұртшылықты белсене қатысуға шақырды. Олардың айтуынша, бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды тарихи қадам. Шығармашылық сала мамандары Конституцияда әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын бұлжытпай сақтау талабы нақты әрі қатаң түрде бекітілгенін жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева Ата заңымызды ел мүддесі үшін қызмет ететіндей етіп қабылдауымыз қажет деді.
«Конституция жобасын талқылауға арналған жиындарда өз пікірімізді білдірдік. Қазіргі таңдағы ең үлкен құндылығымыз – Отанымыз. Ал мемлекет үшін ең үлкен құндылық – ол адам. Яғни әрбір азаматтың алаңсыз қызмет етіп, бейбіт өмірде өсіп-өркендеуі үшін бізге жан жақты талқыланған мықты Ата заң қажет. Жобаны барынша қолдаймыз», - деді Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, белгілі әнші Светлана Айтбаева.
Қазақ эстрадасының жұлдызы, танымал әнші Зарина Омарова әділетті мемлекет құру жолында референдумды қолдап, оған белсенді қатысуға шақырады.
«Бұл – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды тарихи қадам. Референдум – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, мемлекет дамуына үлес қосатын мүмкіндігі. Заң үстемдігін нығайту, қоғам тұрақтылығын сақтау және әділетті мемлекет құру жолында баршаңызды референдумды қолдап, оған белсенді қатысуға шақырамын. Еліміздің ертеңі – өз қолымызда», - деді әнші Зарина Омарова.
Театр актері, танымал әнші, «Бәйтерек» тобының мүшесі Ерлан Малаев еліміздегі тарихи оқиғаға ел азаматтарын бір атаның баласындай қатысуға шақырды.
«Елімізде тарихи жағдай болғалы жатыр. 15 наурызда өтетін референдумға бір атаның баласындай қатысайық, құрметті қазақ елі. Бұл заң елімізге, халыққа жақсы пайдасын тигізеді әрі қызмет жасайды деп ойлаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын», - деді белгілі әнші әрі театр актері Ерлан Малаев.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин еліміздің болашағы үшін дауыс беруге арнайы өзі баратынын мәлім етті.
«Қадірменді ағайын, азамат әрі өнер майталманы ретінде конституциялық референдумды қолдаймын. Бұл шешім тарихи шешім деп ойлаймын. Барлығымызға мәлім, барлық азаматтарға жасалған жауапкершілік. Сол себептен осы референдумға қатысып, еліміздің болашағы үшін дауыс беруге арнайы өзім барамын деп шештім. Сол себеппен сіздерді де шақырамын», - деді опера әншісі Сүндет Байғожин.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемиров Конституция – біздің балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы екенін атап өтті.
«Жалпыұлттық референдум бұл еліміздің әділетті және прогрессивті даму жолындағы Ата заңымызды қолдау болып есептеледі. Конституция – біздің балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы. Сондықтан менің ұғымымда осы Конституцияда ең бірінші рет біздің мәдениетіміз, өнеріміз, білім-ғылым, осындай шығармашылық әлеуетімізді өркендету арнайы баппен бекітілгені көкейге сенім ұялатады. Сондықтан шығармашылық еркіндік, жалпы елдің өнері мен мәдениетін әлемдік кеңістікке алып шығуға осы Конституцияда үлкен негіздер арқау етілген», - деді режиссер Асхат Маемиров.
Қазақстанның Халық әртісі, белгілі әнші Майра Ілиясова өзі жұмыс істейтін филармония ұжымы түгелдей референдумға қатысатынын жеткізді.
«Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда жастар көп. Біз барлық жерде жаңа Конституциямызды қолдаймыз. Референдумға барамыз. Өйткені елің, яғни Қазақстанды сүйетін азаматтар дұрыс түсінеді. Көптеген тарауларда мәдениет туралы жақсы жазылған. Бастысы кеңінен қамтылған. Сондықтан біз ұжымымыз болып міндетті түрде барамыз. Дауыс береміз. Қазақстанымыз жасай берсін. Сондай-ақ жастарға көбірек көңіл бөліну керек. Өйткені жастар – біздің болашағымыз», - деді әнші Майра Ілиясова.
Танымал театр және кино актері Дәурен Серғазин пайымдауынша, Конституцияда көп маңыз бөлінген мәдениет пен өнердің дамуы еліміздің рухани баюына ықпалын тигізеді.
«Жаңа ұсынылып отырған Конституцияда шығармашылыққа көп маңыз бөлінген. Жалпы кез келген салада, оның ішінде мәдениет пен өнер саласында жаңа қадамдар, жаңашылдықтар өте қажет. Өйткені жаңа тылсым, жаңа тыныспен мәдениет пен өнер де дамиды. 15 наурызда өтетін референдум баршамызға жаңа және маңызды қадам деп ойлаймын», - деді танымал театр және кино актері Дәурен Серғазин.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова азаматтар жаңа Конституцияға қолдау көрсетеді деген сенімін білдірді.
«Конституция бүкіл қоғам мен әрбір адам үшін маңызы зор елдің негізгі заңы болып есептеледі. Онда әрбір адамның құқығы мен бостандығы, мемлекетіміздің құрылымы бекітіліп, еліміздің дамуының басты қағидаттары айқындалған. Сондай-ақ Конституцияда әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын бұлжытпай сақтау талабы нақты әрі қатаң түрде бекітілген. Мұнда мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, табиғатқа ұқыпты қарау, барлық мемлекеттермен бейбітшілік пен достыққа ұмтылу секілді құндылықтар көрініс тапқан», - деді Гүлнұр Оразымбетова.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Арайлым Рақымқызы барша халықты еркін қадам жасауға шақырады.
«Шығармашылық кеңістік — бұл өнердің негізгі қағидасы. Шығармашылық адамдары еркін шығармашылық кеңістікте қалуды жақсы көреді. Сондықтан өнер иелері де Конституцияда қорғалады. Референдумға келіңіздер. Барлығымыз бірге дауыс берейік», - деді Арайлым Рақымқызы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі эстрада әншісі, актриса Айгүл Иманбаева қазақстандықтардың референдумға бір үйдің баласындай қатысқаны дұрыс деп ойлайтынын жеткізді.
«93-ші жылдардан кейін біздің Ата заңымызға үлкен өзгерістер енді ғана еніп тұр. Қазір жаңа өмір, жаңа ғасыр, әлемнің жаһанданған кезіндегі Ата заңымызға өзгерістердің керек екені анық. Осы Конституциямызды қолдау, өз шешімімізді қабылдау үшін баршаңызды 15 наурыз референдумға шақырамын», - деді белгілі әнші Айгүл Иманбаева.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қазақстандық дирижер Абзал Мұхитдинов мәдениет майданындағы әрбір қайраткер референдумға белсенді қатысуы керектігін атап өтті.
«Референдумға ұсынылған жаңа редакциядағы Ата заңда ел мәдениеті мен өнері жаңа түсінікте қандай болуы керектігі туралы жаңа тұжырымдар енгізілген. Онда қалай дауыс беруді әркім өзі шешеді. Бірақ 15 наурыз күні референдумға міндетті түрде келуі тиіс», - деді Абзал Мұхитдинов.
Бұған дейін Астанада Конституция жобасын қолдауға арналған ауқымды акция ұйымдастырылғанын жаздық.