Астаналық сарбаздар ант қабылдады

Бүгін, 08:34
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астаналық сарбаздар ант қабылдады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Елордада 5573 әскери бөлімінде 700-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімге бөлімнің жеке құрамы, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ант қабылдау барысында сарбаздар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, Отанға адал қызмет етуге және әскери борышын абыроймен атқаруға серт берді. Енді олар қала көшелерінде және маңызды іс-шаралар кезінде жауынгерлік қызмет атқаруға кіріседі.

Іс-шарада әскери бөлім командирі, полковник Жандар Әшірбеков жас жауынгерлерді құттықтап, әскери анттың әр сарбаз үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

«Бүгін сіздер ер азаматқа тән ең үлкен жауапкершіліктің бірін мойындарыңызға алдыңыздар. Әскери ант – жай ғана сөз емес, ол Отанға, халыққа, ата-анаға деген адалдықтың айқын көрінісі. Сіздерге артылған сенімді ақтап, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайық қызмет атқарады деп сенемін, - деді Жандар Әшірбеков.

Рәсімге 3 мыңға жуық ата-ана мен сарбаздардың туыстары қатысып, ұлдарының ел қорғау жолындағы алғашқы қадамына куә болды. Қатардағы жауынгер Диас Ботаев әскери ант қабылдауды үлкен абырой санайтынын айтып, Отан алдындағы міндетін адал орындауға дайын екенін жеткізді.

Салтанатты шара жеке құрамның сап түзеуімен және әскери техникалардың жүріп өтуімен аяқталды.

Бұған дейін Ұлттық ұланның полиглот сарбазы жеті тілде еркін сөйлейтіні туралы жаздық.