Астаналық полиция қызметкері республикалық турнирде I орын иеленді

Бүгін, 13:22
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астаналық полиция қызметкері республикалық турнирде I орын иеленді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

22–24 желтоқсан аралығында Астана қаласында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары және күштік құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері және облыстық федерацияларының спортшылары арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төреағасының Кубогына арналған ашық республикалық турнирі өтті. Аталған ауқымды спорттық додаға еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 27 командадан 250-ден астам мықты спортшы қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бұл беделді жарыста Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы полиция аға лейтенанты Алмаз Зейнуллов 62 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарының бәрін сенімді түрде жеңіп, І орынды иеленді. Ол жарыс барысында жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындықты, шыдамдылықты, тактикалық сауаттылық пен табандылықты айқын көрсетті.

Алмаз Жомартұлының бұл жетістігі – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен физикалық төзімділігінің жоғары екенін дәлелдейді. Қоян-қолтық ұрыс  қызметтік міндеттерді орындау барысында аса маңызды саналатын спорт түрлерінің бірі болып табылады. Сондықтан мұндай жарыстар полиция қызметкерлерінің шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың жауынгерлік рухын нығайта түседі.

Аталған жеңіс ішкі істер органдары арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас қызметкерлерді спортпен тұрақты айналысуға ынталандыруға зор үлес қосады.

Бұған дейін астаналық ауыр атлет Едіге Емберді 2025 жылғы жеңістерін саралағанын жаздық.