Астаналық ауыр атлет Едіге Емберді 2025 жылғы жеңістерін саралады
Ауыр атлетикадан жасөспірім мен жастар арасындағы әлем чемпионы, Астана тұрғыны Едіге Емберді 2025 жылды қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«2025 жыл мен үшін өте маңызды жыл болды. Біріншіден, өзімнің тұратын Астана қаласында жастар арасында Азия чемпионы атандым. Өз жақындарыңның көз алдында Азия рекордын жаңартып, топ жару үлкен бақыт екен. Екіншіден, қазан айында Норвегиядағы ересектер арасындағы жаһандық додада дебют жасадым. Жүлде алуға 3 келі ғана жетпеді. Жақсы тәжірибе жинадым. Үшіншіден, Сауд Арабиясында Ислам Ынтымақтастық ойындарында 79 келіде 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алдым», - деді Едіге Емберді.
Сондай-ақ танымал спортшы Астана қаласы үшін биыл орын алған маңызды оқиғаларға тоқталды.
«Араға 11 жыл салып, Қазақстан елі ауыр атлетикадан халықаралық жарысты қабылдауға мүмкіндік алды. Шілде айында Астанада жасөспірім және жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының бізге деген оң көзқарас танытуы - үлкен жетістік. Оның үстіне сары құрлық жарысын жоғары деңгейде өткізгеннің арқасында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бізге Лос-Анджелес Олимпиадасының алдындағы лицензиялық әлем чемпионатын сеніп тапсырды», - деп атап өтті ауыр атлет.
Ол 2026 жылға деген мақсат-жоспарларын да бөлісті.
«Спортшы әр жыл сайын өзінің көрсеткішінен асып түсуге тырысады. Мен де жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламын. 2026 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына лицензиялық жарыстар басталады. Ал күзде Қытайдағы әлем чемпионатында топ жарсам деген ниетім бар», - деді Едіге Емберді.
Спортшы Жаңа жыл қарсаңында Астана тұрғындарына жылы лебізін білдірді:
«Барша қала тұрғындарын келе Жаңа жылмен құттықтаймын. Өмірде алдарыңызға үлкен мақсат қойып, соған жетіңіздер дегім келеді», - деп сөзін түйіндеді ауыр атлет.
Бұған дейін танымал әнші Досымжан Таңатаров өзі үшін 2025 жыл табысты болып, сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай шығармашылық есеп беру кешін сәтті өткізгенін айтты.