Астаналық автобустарда жолақы төлеуден жалтарғандарға 164 млн теңгенің хаттамалары толтырылды

11 желтоқсан, 2025
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астаналық автобустарда жолақы төлеуден жалтарғандарға 164 млн теңгенің хаттамалары толтырылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жыл басынан бері елорданың Сity Transportation Systems ЖШС-нің көліктік бақылау департаменті қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден жалтарған 237 640 жолаушы анықтады. Полиция тарапынан 20 957 жолаушыға 164,8 млн теңгеге әкімшілік хаттамалар толтырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.

Елордада күнделікті 110 бағыт бойынша 1308 автобус жолаушы тасымалдайды. Жолаушылар легі күніне 1 миллионнан асады.

«Бұл сан күн сайын, яғни дүйсенбі не жексенбі және ауа райына байланысты өзгеріп тұрады. Мысалы, қазір аяз басталғалы, балалар мектепке бармауы мүмкін. Ол да статистикаға әсер етеді. Бұл жерде айта кететін жайт, елорданың 18 жасқа дейінгі жолаушылары қоғамдық көлікте ақысыз жүреді. Оларға бір ғана талап бар. Ол автобус ішінде валидация жасау. Бұл бала санын білумен қатар, жалпы жолаушылар санын есептеуге көмектеседі. Сол санға қарап белгілі маршрутқа қанша автобус қажет екенін де CTS мамандары нақтылайды. Өйткені әр жолаушы жаңа әрі ыңғайлы көлікпен жүргенді қалайды. Егер маршрутта ақы төлемей жүретін адамдар, яғни «қояндар» болса, олар нақты санын көруге үлкен кедергі жасайды. Сол себепті төлем жасау өте маңызды. Мәселен, бір бағдармен 50 немесе 10 автобус жүруі мүмкін. Ол, әрине, орналасқан үй, мектеп, балабақшаға қарап есептеледі, сонымен қатар нақты автобустағы валидация саналады», - деді CTS-тен Elordainfo.kz тілшісіне.

CTS мәліметінше, қазір балаларға көлік картасымен қатар «виртуалды тариф», яғни телефонмен валидация жасау мүмкіндігі берілді.

Елорданың қоғамдық көлігінде жолақыны 5 түрлі тәсілмен төлеуге болады:

1. көлік картасымен;

2. QR-кодты сканерлеу;

3. банк картасымен;

4. NFC технологиясы: Apple Pay, Samsung Play, Google Play;

5. Аvtobus мобильді қосымшасымен Bluetooth, автобус коды, бақылау функциясы бойынша.

Сонымен қатар жолақыны Visa және Mastercard банк карталары арқылы да төлеуге болады.

Жолақыны QR-кодты сканерлеу арқылы төлеу келесі мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді: Altel, Beeline, Activ, Kaspi.kz, «Tele2 Қазақстан»,  Avtobys, Halyk, Kcell.

Жолақы төлемі автобусқа кіргенде жүргізіледі. Құны – 110 теңге.

Жалпы, елордада 7 санаттағы тұрғындар ақысыз жүреді:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;

2) жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3) көпбалалы аналар;

4) көпбалалы отбасылар;

5) мүгедектер;

6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының (заңды өкілдерінің) бірі.

7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталғандар.  

CTS мәліметінше, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда орын алған Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандары қатарына жатады.

Астана қаласының қоғамдық көлігінің жүру сызбасын Avtobys, 2ГИС, «Яндекс. Карты» арқылы бақылауға болады. 

Бұған дейін елордада үш жаңа автобус бағыты іске қосылғанын жаздық