Астанадан қыс мезгілі басталғалы 7 млн текше метрден аса қар шығарылды
Астананың коммуналдық қызметі алғаш қар жауған күннен бастап күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 719 ауыр жүк көлігінің рейсі арқылы 44 042 текше метр қар шығарылды.
11 наурызда таңертең қаланы қар мен көктайғақтан тазартуға шамамен 1 688 арнайы техника мен 3 мың жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
«Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 473 228 рейспен 7 млн 134 мың 590 текше метр қар шығарылды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Айта кетейік елордада екінші ауысымдағы оқушылар мен колледж студенттері қашықтан оқиды.