Астанадан қыс мезгілі басталғалы 6 млн текше метрден астам қар шығарылды

Бүгін, 11:58
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадан қыс мезгілі басталғалы 6 млн текше метрден астам қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Қар күреу жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткен түнде қар полигондарына 3 285 ауыр жүк көлігінің рейсімен 53 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.

25 ақпан күні таңертең қаланы қар мен мұздан тазарту жұмысына 1 700-ден аса арнайы техника мен 3 084 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.

«Қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 404 130 рейспен 6 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, көшелер мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада.

Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға және қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.