Астанадан қыс мезгілі басталғалы 2,8 млн текше метрге жуық қар шығарылды

Бүгін, 12:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадан қыс мезгілі басталғалы 2,8 млн текше метрге жуық қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада алғашқы қар жауғаннан бастап қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 1 556 ауыр жүк көлігінің рейсімен шамамен 24 134 текше метр қар шығарылды.

19 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қар күреу жұмысына 3 044 жол жұмысшысы мен 1 395 арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілі басталғалы бері жалпы көлемі 2 млн 789 мың 664 текше метр қар 206 961 рейспен тасымалданды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.

Бұған дейін елордада 700-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдағанын жаздық.