Астанадағы жаңа балалар травматологиялық пункті алғашқы пациентін қабылдады
Қалалық деңгейде балалар жарақаттарының саны тұрақты түрде артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда өтініштер саны 15,8%-ға өсіп, 97 333-тен 112 775 жағдайға дейін жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, халық санының өсуі жағдайында қолданыстағы травматологиялық пункттер жоғары жүктемемен жұмыс істеуде дәрігерлер күн сайын 350-ден астам кішкентай пациентті қабылдайды.
Жаңа балалар травматологиялық пунктінің ашылуы:
-қолданыстағы травматологиялық пункттерге түсетін жүктемені азайтуға;
-қаланың сол жағалауындағы тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға;
-балаларға жедел, сапалы әрі тиімді шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта барлық ұйымдастырушылық және кадрлық дайындық жұмыстары толық аяқталды. Пункт заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген және көлік қатынасы ыңғайлы», - делінген хабарламада.
Жаңа бөлімшенің ашылуы – елордадағы балалар денсаулығын қорғау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жаңа балалар травматологиялық пункті ашылғаны туралы жаздық.