Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жаңа Конституция жобасы талқыланды
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жаңа Конституция жобасын талқылауға және алда өтетін республикалық референдумды қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға кітапхана қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, жас мамандар мен студенттер қатысты.
Қатысушылар жаңа конституциялық жобаның мақсаты мен міндеттерін талқылап, реформа елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, жастарды алдағы республикалық референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын және алда өтетін республикалық референдумды бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Бұған дейін жаңа Конституция аясында ғылыми-технологиялық егемендік талқыланғанын жаздық.