Астанада жылы аялдамалар қай аудандарда орнатылады

Астанада жылы аялдамалар қай аудандарда орнатылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналистердің жылы аялдамаға қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жылына 50-ден 100-ге дейін жылы аялдама іске қосылып жатыр. Бірақ қала аумағы өсіп, жаңа аудандар пайда болып жатыр. Мысалы, былтыр елордада алтыншы аудан пайда болды. Қаланың даму деңгейі осы қарқынмен жалғасса, алдағы жылдары тағы да жаңа аудандар қатары артуы мүмкін. Жалпы, бір жылы аялдама құны 10-15 млн теңге тұрады. Бұл, біріншіден, бюджетке байланысты. Екіншіден, жылы аялдамалар негізінен адам көп тұратын аумақтарда қойылады. Жылына әр ауданда шамамен 15 жылы аялдама орнатылады. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. Бюджет қаржысына байланысты салынады», - деді елорда әкімі.

Сонымен қатар тілшілер жылы аялдамалар кімнің бақылауында екенін сұрады.

«Жылы аялдамалар әкімдіктің бақылауында. Күнделікті тексеріледі. Оған әртүрлі адамдар кіреді. Олардың бәрі жанашырлықпен қарамай, сындыруы мүмкін. Кейбірі пайдаланылып, уақыты өте зақымдануы мүмкін. Дегенмен сынған жерлері болса, дереу жөнделеді. Яғни белсенді қала тұрғындары зақымданғанын байқаса, бірден смартфондарымен суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Сол бойыншы қадағаланып, жөнделіп отырады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Астанада перинаталдық орталық, травмпункт және емханалар салынатынын жаздық.