Референдум-2026

Астанада жылдамдықты 80 реттен астам асырған жүргізуші 15 тәулікке қамалды

Бүгін, 11:38
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада жылдамдықты 80 реттен астам асырған жүргізуші 15 тәулікке қамалды
Фото: Magnific.соm

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік істі қарады, Elordainfo.kz Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, азамат Ж. 2026 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, оның ішінде белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 80 реттен астам әкімшілік жауапқа тартылған.

Соған қарамастан, ол жол қозғалысы ережелерін бұзуды жалғастырған. Іс материалдарына сәйкес, жүргізуші екі жағдайда көлікті сағатына 151 шақырым және 126 шақырым жылдамдықпен басқарған.

Сот мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларын өрескел бұзғанын атап өтті.

Сот отырысында азамат Ж. кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сондай-ақ ол жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғанын және салынған барлық әкімшілік айыппұлдарды төлегенін айтты.

«Жүргізушінің кінәсі өз түсініктемелерімен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің бейнежазбалары мен фотоматериалдарымен, арнайы есепке алу деректерімен және Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің хатымен дәлелденген», делінген хабарламада.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот азамат Ж.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.