Астанада жүргізушілерді AI-камералар бақылай бастайды

Бүгін, 13:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада жүргізушілерді AI-камералар бақылай бастайды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Елордада қалалық басқарудың интеллектуалды жүйесін дамыту жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Astana Smart City жобасына жол ережелерін бұзудың жаңа түрлерін тіркеуйтін AI-бейнеаналитиканың кеңейтілген функционалы енгізілуде.

Жаңа алгоритмдер жол қозғалысы ережелерін бұзудың кең ауқымын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде жүргізушінің көлік жүргізу кезінде телефон қолдануы, қауіпсіздік белдігін тақпауы және жол қауіпсіздігіне әсер ету сияқты жағдайлар қарастырылған. Қазіргі уақытта жүйе тестілік режимде жұмыс істейді. Шешімдер компьютерлік көру және машиналық оқыту технологияларына негізделген, бұл талдаудың дәлдігін және жеделдігін қамтамасыз етеді.

Жаңа AI-камералар жекелеген құқықбұзушылықтарды ғана тіркемейді. Олар қалалық және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген бірыңғай цифрлық платформаның құрамына кіреді. Бұл жолдағы жағдайды кешенді түрде бағалауға және көлік ағындарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

«Жоба аясында Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау қамтамасыз етіледі. Жүйе қажетті сертификаттау рәсімдерінен өтіп, кезең-кезеңімен енгізілуде.

Аталған шешімдер жол апаттарын азайтуға, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға және қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірыңғай оператор құрылғанын айтты