Астанада жазғы веломаусым ресми түрде ашылды
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Велошеру бағыты 21 шақырымды құрады. Қатысушылар Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастап, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті. Қатысушыларды тіркеу таңғы сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізілді. Сағат 09:00-де велошеру басталып кетті.

Жарысқа шамамен 700 адам тіркелді. Негізгі мақсат — қала тұрғындарын бұқаралық спортқа, әсіресе велоспортқа тарту.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қатысушыларға жолда велосипед тебу және қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Веломаусым жыл бойы жалғасады, ал ресми жабылуы қазан айында өтеді. Іс-шара барысында барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, мәреге жеткендерге ыстық тамақ ұсынылады. Жеңімпаздар медальдармен марапатталып, қатысушылар арасында велосипедтер мен бағалы сыйлықтар ойнатылады. Велошеруге кез келген адам қатыса алады, балалар 12 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен және олардың бірге жүруімен қатысуына мүмкіндік бар», - деді Ержігіт Өсербай.

Астана тұрғыны, зейнеткер Елеусіз Фардабай аталмыш шараға жыл сайын қатысып келеді.
«Алдағы уақытта велошерулер мен жүгіру жарыстары болады. Мен олардың ешқайсысын жібермеймін. Себебі, спорттан ерекше ләззат аламын, барша жұртты белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын», - деді ол.

Алматыдан арнайы келген қатысушы Нұрбол Социал үш жылдан бері велоспортпен кәсіби түрде айналысады.
«Бұл спортқа мені ағам әкелген. Велоспорт денсаулыққа пайдалы, әсіресе аяқ бұлшықеттерін дамытып, төзімділікті арттырады. Сондай-ақ қазір велоспорттың әркімге қолжетімді болуы мені қуантады», - деді Нұрбол.
Айта кетейік, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті.





Еске салсақ, Астанада 25 сәуірде жазғы веломаусымның ашылатынын хабарлағанбыз.