Астанада жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада ASPAN спорт кешенінде алдағы референдумды қолдауға арналған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты форум өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жалпыұлттық коалицияның қалалық филиалына сілтеме жасап.

Іс-шараға қоғамның түрлі саласының өкілдері қатысып, жалпы саны мыңға жуық адам бас қосты. 

Форум барысында қатысушыларға конституциялық өзгерістердің мәні, олардың елдің одан әрі дамуына және әділетті, прогрессивті қоғам қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. Сондай-ақ референдумның Қазақстанның болашағы үшін маңызы ерекше екені атап өтілді.

Іс-шараға құрылыс саласының өкілдері, ұлттық компания қызметкерлері, жастар, медицина саласының мамандары, шығармашылық ұжымдар және басқа да азаматтар қатысты.

Айта кетейік, елордада жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясының ережелерін түсіндіруге бағытталған бірқатар іс-шара өткізіліп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар аясында еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлер қауымдастығымен, жастармен және қоғам өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылуда.

Бұған дейін Астанада референдумға дайындық мәселелері талқыланғанын жаздық.