Астанада туристер саны 12 пайызға артты
Астананың туристік саласы тұрақты оң серпін көрсетіп, елорданың Қазақстандағы ірі іскерлік, мәдени және оқиғалық туризм орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен «Astana concert» ЖШС-нің концерттік директоры Александр Бихерт әңгімелеп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Туристер легі артып келеді
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Астанаға 352,2 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Оның ішінде 67,9 мың адам – шетелдік туристер.
2025 жылдың қорытындысында елордаға келген туристер саны 1,6 миллион адамға жетті. Оның ішінде 380 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Астанаға ең көп туристер Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ елдерінен келеді. Бұл ретте Өзбекстан, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін туристер санының тұрақты өсімі байқалады.
Туризм саласына тартылған инвестициялар
2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласының туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі Қазақстан Республикасының өңірлері арасында рекордтық көрсеткішке жетіп, 438,3 млрд теңгені құрады.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында туризм саласына тартылған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 250 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге жоғары екенін көрсетеді және саладағы инвестициялық белсенділіктің артқанын дәлелдейді. Салыстырмалы түрде 2024 жылы – 272,7 млрд теңге; 2023 жылы – 201,4 млрд теңге; 2022 жылы – 112 млрд теңге болды.
Қазіргі таңда қалада жалпы құны 265,7 млрд теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Алдағы 2-3 жыл ішінде Swissôtel, Holiday Inn, Wyndham Garden және басқа да халықаралық қонақүй желілеріне тиесілі «4» және «5» жұлдызды қонақүйлерді қоса алғанда, 24 қонақүйдің құрылысы жоспарланған.
Мемлекет басшысының экопарктер құру жөніндегі тапсырмасы аясында «Лес» экопаркі инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жоба толықтай жеке инвестордың меншікті және қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жалпы инвестиция көлемі – 25 млрд теңге.
Сонымен қатар балалар лагерінің, көрме орталығының, жол бойы сервистік нысандардың, бассейні бар демалыс саябағының және басқа да туристік инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Бұл жобалар туризм саласындағы инфрақұрылым тапшылығын азайтады.
Оқиғалық туризм – негізгі қозғаушы күш
Туризмнің қарқынды дамуына ықпал етіп отырған басты факторлардың бірі – халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ауқымы.
Жылдың алғашқы үш айының өзінде елордада 300-ден астам іскерлік, спорттық, мәдени және ойын-сауық іс-шаралары өтті. Оның ішінде 11 іс-шара халықаралық мәртебеге ие.
Ірі жобалардың қатарында Astana Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі, RES экологиялық саммиті, PGL Astana 2026 халықаралық киберспорт турнирі және шамамен 47 мың көрерменді, оның ішінде 4 мыңға жуық шетелдік қонақты жинаған Solana Fest музыкалық фестивалі бар.
Жыл соңына дейін Астанада BaiQymyz этно-гастрофестивалі, Comic Con Astana фестивалі, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және әлемдік жұлдыз Энрике Иглесиастың концерті өтеді.
Астана халықаралық деңгейде танымал бола түсуде
2026 жылы елорда Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткен ең ірі халықаралық туристік көрмелерде таныстырылды. Сонымен қатар Мәскеуде және Ресей Федерациясының шекаралас қалаларында роуд-шоулар ұйымдастырылды.
Өткізілген кездесулер нәтижесінде шетелдік серіктестермен 400-ден астам келіссөз жүргізіліп, туризм саласының өкілдері арасында бірқатар ынтымақтастық туралы келісімдер мен коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.
Маңызды жетістіктердің бірі – Астананың бірден үш халықаралық туристік ұйымның құрамына кіруі. Бұл қаланы әлемдік туристік нарықта кеңінен танытуға және шетелдік туристерді тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Инфрақұрылым мен медициналық туризм дамуда
Бүгінде елордада 100-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Биыл Астанада екі жаңа музей – Сингулярлық музейі және Қазақстан темір жолы тарихы музейі ашылды. Экскурсиялық маршруттар кеңейтіліп, туристік навигация мен сервистік қызмет көрсету жүйесі жетілдірілуде.
Медициналық туризмді дамытуға да ерекше назар аударылуда. Шетелдік мамандар үшін елорданың жетекші клиникаларына таныстыру турлары ұйымдастырылып, Астананың медициналық ұйымдары халықаралық көрмелер мен роуд-шоуларда таныстырылуда.
Қызмет көрсету қолайлы бола түсуде
Шетелдік қонақтарға туристік ақпараттық орталықтар, бірыңғай қалалық навигация жүйесі және Astana Pass туристік картасы қызмет көрсетеді.
Халықаралық әуежайда бірнеше тілде белгіленген тарифпен такси шақыруға мүмкіндік беретін Taxi Point сервисі жұмыс істейді. Қытай тілін меңгерген гидтерді қоса алғанда, кәсіби экскурсия жүргізушілерін даярлау жалғасуда. Туристердің қауіпсіздігін туристік полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Astana Concert: әлемдік жобалар елордада
Оқиғалық туризмді дамытуға Astana Concert компаниясы елеулі үлес қосуда.
Жыл басынан бері Қазақстанда Эннио Морриконенің шығармашылығына арналған әлемдік тур концерті, МакSим мен Анна Астидің концерттері өтіп, мыңдаған көрерменнің басын қосты.
Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан «Леонардо да Винчи. Қайта өрлеу дәуірінің данышпаны» көрмесі де ерекше қызығушылық тудыруда. Көрмені бүгінгі күнге дейін 50 мыңнан астам адам тамашалады. Экспозицияда Рим мен Флоренция музейлерімен бірлесіп ұлы шебердің түпнұсқа сызбалары негізінде жасалған 44 экспонат ұсынылған.
Ең ауқымды жобалар әлі алда
Жыл соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтарын жаңа ірі мәдени жобалар күтуде.
17 қыркүйекте EXPO Конгресс-орталығында Мари Краймбреридің концерті өтсе, 20 қарашада «Барыс Арена» сахнасында Дима Билан өнер көрсетеді.
Жылдың басты музыкалық оқиғасы 3 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өтетін Энрике Иглесиастың концерті болмақ. Бұл концерт Қазақстаннан және шетелден мыңдаған көрерменді жинап, еліміздің мәдени өміріндегі ең ірі оқиғалардың біріне айналады деп күтілуде.
2027 жылы Астана халықаралық оқиғалық орталық ретіндегі орнын одан әрі нығайта түседі. Ең ірі жобалардың қатарында ITTF World Table Tennis Championships Finals үстел теннисінен әлем чемпионатын және Орталық Азияда алғаш рет өтетін Төрт құрлық чемпионатын өткізу жоспарланып отыр.