Астанада SAT English Challenge байқауында үздік оқушылар анықталды
Бүгін елордада ағылшын тілі бойынша SAT English Challenge қалалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараны «Астана дарыны» орталығы мен «Жаңа ұрпақ мектебі Астана» бірлесіп ұйымдастырды.
Байқаудың финалына 6-11 сыныптардан 300 оқушы өтті. Олар қала бойынша 4 мыңнан астам қатысушы арасынан бірнеше кезеңдік іріктеуден сәтті өткен.
Байқау үш кезеңнен тұрды және тапсырмалар TOEFL, IELTS және SAT халықаралық емтихандарының форматына ұқсас болды. Қатысушылар ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенін, мәтінді талдау, дәлелді эссе жазу және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын көрсетті.
Нәтижесінде үздік оқушылар «Астана дарыны» орталығының I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Салтанатты рәсімге білім беру саласының мамандары қатысты. Олардың қатарында Астана қаласының білім беру орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Мейрам Жандилдин, филология ғылымдарының кандидаты, Astana IT University ассистент-профессоры Әлия Аязбаева, Maqsut Narikbayev University аға оқытушысы, TOEFL iBT бойынша ресми тренер Айзат Жақсылық, сондай-ақ American Corner Astana үйлестірушісі Арайлым Тілеубек бар.
Жеңімпаздарға TOEFL iBT емтиханын тапсыруға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар оқушылар «Жаңа ұрпақ мектебі Астана» тарапынан бағалы сыйлықтар мен білім беру гранттарына ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, SAT English Challenge байқауы оқушыларға халықаралық емтихандарға дайындалуға және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі.
Бұл шара елорданың білім беру өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды біріктірді. «Астана дарыны» орталығы барлық қатысушыларды құттықтап, ағылшын тілін меңгеруде табыс тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада SAT English Challenge байқауының аудандық кезеңі өткен болатын.