10.12.2025
RU
Мәзір

Астанада республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті

|
Астанада республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға еліміздің барлық аймақтарынан білім беру ұйымдарының педагогтері, ғалымдар, шығармашылық жетекшілері және жас зерттеушілер қатысты.

Конференцияның мақсаты – ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын білім беру үдерісімен ұштастыра отырып, педагогтердің кәсіби даму бағытындағы ізденістерін қолдау, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттыру, сонымен қатар жас ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесін күшейту.

Шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ және Астана қаласы әкімдігінің Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға мектепке дейінгі, жалпы орта, ТжКББ, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.

Конференция аясында пленарлық сессия, сондай-ақ 4 секция ұйымдастырылды. Оның ішінде - Ғылым секциясы: «Әл-Фараби ілімдерінің заманауи ғылымға ықпалы», Өнер секциясы: «Әл-Фараби идеялары негізінде оқушылардың көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту», Әдебиет секциясы: «Әл-Фараби және рухани-адамгершілік әдебиет сабақтастығы» және Тәрбие секциясы: «Әл-Фараби мұрасын патриоттық тәрбие беру процесінде қолдану».

Конференция барысында қатысушылар ғылыми баяндамалар ұсынып, өз тәжірибелерін бөліседі, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланады. Конференция аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жобалары бойынша көрме өтті.

Іс-шара білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық қауымдастықтың өзара ынтымақтастығын арттыруға мүмкіндік беруді мақсат тұтып отыр.

Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов шараның негізгі мақсаты туралы айтып берді.

«Бұл дәстүрлі іс-шара, жыл сайын өткізіледі. Биыл бесінші рет өткізіп жатырмыз. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Әл-Фарабидың педагогикадағы ізденістері мен жетістіктерін қазіргі заманғы педагогикаға бейімдеу, бүгінгі педагогтердің күнделікті оқу-тәрбие жұмысымен ұштастыру. Әл-Фараби атамыз әлемдегі «Екінші ұстаз» болды, оның ғылыми бағыттары өте көп. Біз соның ішінен төрт негізгі бағытты бөліп алып отырмыз. Ол: ғылым, тәрбие, әдебиет, өнер. Осы 4 секция бойынша педагогтер іс жүзінде Әл-Фараби ілімін қалай пайдаланып жатқанын бөліседі. Сонымен қатар бүгінгі конференция негізінде жинақ шығарылатын болады. Сол жинаққа бүгін баяндама жасайтын сарапшылардың педагогикалық идеялары енетін болады», - деді Дидар Байтасов.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы әдістемелік бөлімінің әдіскері Гүлзира Оспанованың айтуынша, Оқушылар сарайына ұлы ғұламаның есімі берілгелі, конференция дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

«2020 жылдың 6 ақпанында ұлы ғұлама Әл-Фарабидың есімі біздің Оқушылар сарайына берілді. Мұндай әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын алып жүру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазір Оқушылар сарайына келушілер «Фараби әлемі» деп аталатын үлкен орталықты тамашалай алады. Осы конференцияға 400-ге жуық педагог республиканың түкпір-түкпірінен келді. Олар өздерінің жаңашылдықтарын ұсынады, біз оны танып, біліп, таратып, игеруге тырысамыз», - деді ол.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗