Астанада қоғамдық тәртіпті бұзған жас жігіт 5 тәулікке қамалды
Астанада полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға елордадағы «Триатлон» саябағында пиротехникалық бұйымдарды іске қосуға байланысты болды.
Анықталғандай, 19 жастағы жас жігіт досын туған күнімен ерекше құттықтағысы келіп, саябақ аумағында пиротехника атқан. Алайда бұл әрекеті әкімшілік жауапкершілікке әкелді.
«Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті белгіленген талаптарды бұза отырып қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдану азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, айналадағы адамдардың тыныштығын бұзуы мүмкін екенін ескертеді. Мереке қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс.