Астанада «Мен оқыған 10 кітап» республикалық акциясы жалғасып жатыр
Елордада 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орайластырылған «Мен оқыған 10 кітап» атты республикалық акция жалғасып жатыр. Бастаманың мақсаты – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, әр азаматты жылына кемінде 10 кітап оқуға ынталандыру, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Акция аясында қатысушылар соңғы жылдары оқыған кітаптарының тізімін ұсынып, өзіне ерекше әсер қалдырған шығармалар туралы қысқаша ой бөліседі. Мұндай формат кітапты тереңірек түсінуге және оқырмандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Игі бастамаға зиялы қауым, мәдениет және спорт саласының өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар белсенді қатысуда.
Бастамаға орай Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева өзі оқыған 10 кітаптың тізімімен бөлісті.
«Әр кітап жаңа ой мен жаңа көзқарасқа бастайтын рухани қазына», - деген ол барлық оқырмандарды көбірек кітап оқуға шақырды.
Журналист Айгүл Бекетқызы да Instagram-дағы парақшасында акцияға үлес қосып, өзі сүйіп оқыған 10 кітапты ұсынды.
«Шынымды айтсам, бүгінгі қарбалас заманда кітап оқуды әдетке айналдыру оңай емес. Күнделікті күйбең тіршілік, уақыттың тығыздығы… бәрі адамды өз ағымына ілестіріп әкетеді. Десе де, кейде бір сәтке тоқтап, кітаптың бетін ашып, басқа бір әлемге сапар шегу - мен үшін нағыз ғанибет. Сол әлемде адам өзін қайта табады, ойын реттейді, жүрегін тыныштандырады деп ойлаймын», - деп пікір қосты ол.
Астана тұрғыны Гауһар Елембаева да әлеуметтік желіде акцияға қолдау білдірді.
«Кітап – біздің рухани байлығымыз, кітап өткеніміз бен бүгінімізді жалғайтын үлкен көпір десем болады. Кітап - білімнің бұлағы, кітап рухани азығымыз. Өзіміздің өмірімізге керекті көп нәрсені осы кітаптан аламыз. Тәрбиені де, тәлімді де, ақылды да, білімді де. Олай болса, неғұрлым кітапты оқыған сайын, соғұрлым біз жаңа адам болып қалыптасамыз», - деді ол.
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 жалпы орта білім беретін мектептің 8 «д» сынып оқушысы Бақыт Гүлім де акция аясында белсенділік танытып, әлеуметтік желіде өзі оқыған кітаптарымен бөлісті.
Кітап адамның дүниетанымына айтарлықтай ықпал етіп, оның көзқарасының қалыптасуына және білімінің артуына үлкен септігін тигізетінін айтқан Астана қаласы әкімдігінің «№8 балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» директоры Еркебұлан Алдабергенов қызықты 10 кітапты ұсынды.
Астана қаласы әкімдігінің «Олимпиадалық резерв дайындау орталығы» осы игі бастаманы қолдау мақсатында орталық қызметкерлері аталған челленджге белсенді түрде қатысып жатқанын айтты. Акция бойынша әр қызметкер өз оқыған кітаптарымен бөлісіп, кітап оқудың маңыздылығын насихаттауда.
Айта кетейік, «Мен оқыған 10 кітап» республикалық акциясы 30 сәуірге дейін жалғаспақ.