Астанада мектеп оқушыларына арнап экологиялық көрме ұйымдастырылды
Астанада «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» өңірлік экологиялық саммиті аясында Eco Startup Competition Demo Day көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған шараға қала мектептерінің оқушылары белсенді түрде қатысып, экология саласындағы заманауи бастамалармен танысты.
Көрменің негізгі мақсаты – білім алушыларды қоршаған ортаны қорғаудың озық технологияларымен таныстыру, олардың бойында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру және креативті бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ынталандыру. Бұл бағытта ұйымдастырылған іс-шара жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етті.
Екі күнге созылған көрмеге 15 мыңға жуық оқушы мен студент қатысты. Қатысушылар экология саласындағы үздік жобаларды тамашалап қана қоймай, жас өнертапқыштардың тәжірибесін зерттеп, өздерінің интеллектуалдық әрі шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды.

Көрме барысында түрлі экологиялық стартаптар ұсынылды. Атап айтқанда, қалдықтарды қайта өңдеу, энергия үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану және жасыл технологияларды дамыту бағытындағы жобалар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл бастамалар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сонымен қатар болашақта тиімді әрі тұрақты бизнес үлгілерін қалыптастыруға негіз болады.
Аталған іс-шара жас буынның экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетіп, оларды шешуге бағытталған нақты қадамдардың бар екенін дәлелдеді. Оқушылар ұсынған әрбір креативті идея – таза әрі тұрақты болашаққа жасалған маңызды қадам.
Eco Startup Competition Demo Day көрмесі білім мен инновацияны ұштастырып, жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруда маңызды алаңға айналды.
Еске сала кетейік, Астанада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.